Вести Семей
  • Новости
    • Политика
    • Культура
    • Общество
    • Преступление
    • Спорт
    • Образование
    • Здравоохранение
  • Главное
  • Авторский блог
результаты не найдены
Посмотреть все результаты
PDF
  • Новости
    • Политика
    • Культура
    • Общество
    • Преступление
    • Спорт
    • Образование
    • Здравоохранение
  • Главное
  • Авторский блог
результаты не найдены
Посмотреть все результаты
Вести Семей
PDF
результаты не найдены
Посмотреть все результаты

ТАРИХЫН ҰМЫТПАҒАН,ӨТКЕНІН ҰЛЫҚТАҒАН

26.09.2017
FacebookWhatsappTelegram

Өткен жұма, сенбі күндері бесқарағайлықтар үшін есте қаларлық күндер орын алды. Тәңірі тамаша табиғат сыйлаған Бесқарағай ауданының халқы Қазақ СССР еңбек сіңірген өнер қайраткері, СССР Жазушылар одағының мүшесі, танымал суырыпсалма ақын Нұрлыбек Баймұратовтың 130 жылдық мерейтойын дүркіретіп атап өтті. Дүбірлі тойға алыс-жақыннан ат арытып келген қонақтардың қарасы да аз болған жоқ. Көрнекті тарихшылар мен алаштанушылар, өнер мен мәдениет қайраткерлері мерейтойға арнап жырдан шашу шашып, ізгі тілектерін білдіріп, ақынның өмірі мен шығармашылығы жайында тереңнен ой қозғады. Алдымен ақындар айтысынан басталған шара екінші күнге созылып, ғылыми конференция мен спорттық ойындарға ұласты. Ақ шаңқан киіз үйлер тігіліп, аста та төк дастарқан жайылды. Қазақ күресі, аламан бәйге сынды ұлттық ойын түрлері той көрігін одан әрі қыздыра түсті.

Ертіс пен қалың жасыл орманды бойлай орналасқан шырайлы Шығыстың іргелі аудандарының бірі – Бесқарағай өңірінде туып өскен талантты тұлғалар аз емес. Шұрайлы өлке топырағы дүниеге әкелген сондай дарынды ұлдардың бірі — аузы дуалы айтыс ақыны Нұрлыбек Баймұратұлы. Нұрлыбек Баймұратов өз заманында М.Әуезов, Ж. Аймауытов, Ә. Қашаубаев сынды қазақтың біртуар марқасқа ұлдарымен қоян-қолтық араласып, әйгілі Иса Байзақовтың өзін кезекті жыр додаларының бірінде сөзден тайдырған екен…

Хош. Берекелі Бесқарағай төріндегі дүрмек 22 қыркүйек күні аламан айтыспен бастау алды. Жыр бәйгесінде шашасына шаң жұқтырмайтын жас таланттар қатысты. Арысы Астана мен Алматы, берісі Семей, Өскемен қалалары, Аягөз, Үржар, Тарбағатай аудандарынан келген жас таланттар айтыстың көрігін қыздырды. Бұл айтыстың жөні бөлек деуге негіз бар. Қытай Халық Республикасынан келген қандас қызымыз да жыр додасының ортасынан табылды.Тарихымыздан сыр шертер, ұлылығымызды ұлықтайтын айтулы мерейтой аудан әкімінің міндетін атқарушы Ерболат Рахметуллиннің алғы сөзімен бастау алды. Ақынды көзі көрген аға буынның естеліктері топтастырылған деректі фильм де көрермен назарына ұсынылды. Шағын фильмде Нұрлыбек ақынның туған ауылы, өскен ортасы, шығармалары, ақынның құрметіне ашылған мұражай мен ол жердегі құнды жәдігерлер, ақынның аты берілген білім ордасы жайлы мәлімет берілді. «Наркескен» ақындар мектебінің жетекшісі, айтыстың жүргізушісі Сиязбек Сүлейменов өнер көрсетуге келген ақындарды және осы ақындардың өнеріне әділ бағаларын беретін қазылар алқасымен таныстырды. Бұл жолы ортаға салар ойы көп, өрісі кең, толғауы терең, бүгінгі жас ұрпаққа берері мол жыр сайысына республикалық, халықаралық ақындар айтысының бірнеше дүркін жеңімпаздары, ойы жүйрік зерделі сөздерімен, мәнерлі мақамы, суырып–салма ақындығымен танылып жүрген бес жұп, яғни он үздік ақын бақ сынасты. Екі айналымнан құралған ақындар айтысын бастаған алғашқы жұп Астана қаласынан Әсем Ережеқызы мен аягөздік Қазыбек Байжұманов болды. Қыз бен жігіттің әдемі айтысын көрсете алған бұл жұп әп-сәтте көрермен көзайымына айнала алды. Бұдан кейін жұп болып сахна төріне шыққан Үржар ауданынан Нұрлан Бектібаев пен Алматы қаласынан Аяулым Жұмабекқызының, Өскемен қаласынан Нұржан Жолбарыс және Семей қаласынан Фархат Маратұлының, Аягөз ауданынан келген Әлішер Қыдырбек пен Тарбағатай ауданынан келген Ерасыл Сәрсенбайдың, Семей қаласынан Манарбек Сатыбалды және Қытай Халық Республикасынан келген Саягүл Бірлесбектің айтысымен жыр додасы қыза түсті. Сүйікті ақындарын ерекше қошеметпен, ыстық ықыласпен қарсы алған бесқарағайлықтар сөз тартысын қолдап, қолпаштап отырды. Тілдеріне түйткіл мәселелерді тиек еткен ақындар Нұрлыбек Баймұратовтың 130 жылдығын сөзге қоса отырып, оның шығармаларына арқау болған – ұлттық құндылық, ұрпақ тәрбиесі, адамгершілік пен азаматтық, әділдік пен адалдық, имандылық пен парасаттылық, достық пен махаббат тақырыптарын өлең-жырларына қоса білді. Айтыста ақындар арасында жарасымды әзіл-қалжың, қағытпалар мен орамды ой, толғақты түйіндерімен айтыс десе ішкен асын жерге қоятын қауымды бір серпілтіп тастады. Нұрлыбек Баймұратұлының құрметіне ұйымдастырылған ақындар айтысында шабыты шарықтаған сөз сардарлары ойнақы орам, суырып-салма өнерлерімен айтысты думанды кешке айналдырды десек те артық айтқандық бола қоймас. Бесқарағай жерінде осымен үшінші мәрте өткізілген ақындар айтысы бұл жолы да өз тыңдармандарының жүректеріне жол тауып, ұлттық өнердің ерекшелігін айшықтай алды. Айтыс сүйер ағайынның ұлттық өнерімізге шөліркегені байқалды.                                                                                      Кім кімге болсын туған жері қашанда ыстық, қашанда қымбат. Айтыскерлер сөз арасында Бесқарағайдың берекелі бастамаларын, астықты алқабын, қалың қарағайын, танымал тұлғаларын, ұлттық өнер жанашырларын жырға қосып, көрерменін бірден баурап, қарсылас сөзіне тура жауап қайтарып, айтыстың мәртебесін асыра алды. Бұл жерде топты жарып шыққан, елі мен жерінің тарихын терең ұғынып, жүрегіне тоқыған талантты, дарынды жастарды танып, тауып тәрбиелеу ісі де өте маңызды. Осы бағытта талантты шәкірт тәрбиелеп, ұлттық өнеріміздің асқақтап, алға қадам басуына өзіндік үлес қосып жүрген С.Сүлейменовтің еңбегі де ескерусіз қалмады. Сонымен қатар алыста жүргенімен жүрегі туған жерге бұрып, осынау жыр додасының Бесқарағай жерінде өтуіне демеушілік танытқан жерлесіміз «Жаннұр — Астана» компаниясының президенті, бас қаланың бетке ұстар кәсіпкері Болат Кеңесбекұлы Садықтың аты аталып, жерлестерінің атынан алғыс та айтылды.

Осылайша ақтық сынға мықты деп танылған үш жұп Аяулым Жұмабекқызы мен Қазыбек Байжұманов, семейлік Манарбек Сатыбалды және Нұржан Жолбарыс, Фархат Маратұлы мен Саягүл Бірлесбек шығып, айтыс өнерінің әдемі үлгісін көрсете алды. Нәтижесінде әділқазылардың шешімімен жүлделі ІІІ орынды аягөздік Қазыбек Байжұманов, ІІ орынды Фархат Маратұлы, І орынды Манарбек Сатыбалды иеленсе, бас жүлдені қандасымыз Саягүл Бірлесбек қанжығасына байлады. Айтыс соңында ақындардың барлығы аудан әкімінің міндетін атқарушы Ерболат Рахметуллиннің алғыс хатымен әрі жүлделі орындарына сай қаржылай сыйақымен марапатталды.

Ал екінші күні дүбірлі той  ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған «Өз дәуірінің үні болған ақын» атты ғылыми – тәжірибелік конференциямен басталды. Ғылыми басқосуда «Нұр Отан» партиясы Бесқарағай филиалы төрағасының бірінші орынбасары Болат Уәлиев, ҚР мәдениет қайраткері, ҚР Журналистер одағының мүшесі және сыйлығының лауреаты, Бесқарағай ауданының Құрметті азаматы Асылбек Қожахметов, ҚР Журналистер Одағының мүшесі, абайтанушы, Абай мұражайының қоғамдық кеңесшісі Асан Омаров, Мәдениет саласының үздігі, Семейдегі Мұқан Төлебаев атындағы музыкалық училищенің оқытушысы, режиссер Болат Хамзин, Бөдене аулының тумасы, Қауіпсіздік басқармасының басшысы, «Отты жылдар» кітабының авторы Жұмағазы Оразов, Қарағайлы ауданының ардагерлер кеңесінің төрағасы Бексұлтан Жексенаев және Нұрлыбек Баймұратов шығармаларын зерттеуге сүбелі үлес қосқан Уәлихан Түкісовтың жары Күлзия Түкісова әжей қатысып, өрелі ойлары мен естеліктерін ортаға салды. Алғы сөзді аудандық мәслихат хатшысы Қайырбек Садықов сөй-леді.

— Дауылпаз ақын Нұрлыбек Баймұратовтың торқалы тойына дайындықты осыдан бір жыл бұрын бастап едік. Бесқарағай жұртшылығы жұдырықтай жұмылып, осы тойдың дайындығына бір кісідей ат салысты. Міне, бүгін көптен күткен межелі күн де келіп жетті. Арқалы ақынымызды төбемізге көтеріп, рухын асқақтату үшін осында көзкөргендер де, көрмегендер де жиылып отырмыз. Кеше Бесқарағай ауданында республикалық деңгейдегі ақындар айтысын өткіздік. От тілді, орақ ауызды жыр шеберлерінің сайысы өз деңгейінде өтті. Еліміздің әр түкпірінен келген дуалы сөз иелері халықтың айызын қандырарлық аталы сөздер айтып, кестелі ойлар өрді. Жас болса да Нұрлыбек Баймұратовтың бай мұрасымен, өлең сөздерімен, шығармашылығымен жақсы таныс екендіктерін байқатты. Нұрлыбек Баймұратов – тек Бесқарағайда емес, ел көлемінде абыройы асқақ болған ақындардың бірі. Ақынның Мұхтар Әуезовтің назарында болғанын да жұртшылық жақсы біледі. Осы уақытқа дейін ел аузынан түспеген шалқар шабыт иесінің есімі алдағы уақытта да ұмытылмайтынына сенеміз. Нұрлыбек Баймұратовтың өр рухы мен биік тұлғасын, құнды мұрасын ұрпақтан — ұрпаққа қалдырып, дәріптеу – біздің міндетіміз, — деді өз сөзінде Қайырбек Қажыбайұлы.

Осы орайда ақын туралы оқырманға аз-кем айтып өтейік. 130 жылдық торқалы тойдың иесі Нұрлыбек Баймұратұлы 1887 жылдың 6 желтоқсанында Бесқарағай ауданының астықты өңірі — Балапан жонында қарапайым отбасында дүниеге келген. Ол кездегі Балапан жері Ертіс бойының бай орыстары Василий Путинцев пен Ушаровтардың егін салатын жері болған екен. Жасынан жалшылықта жүрген әкесі Баймұрат ұзақ жылдар бойы осы егінді алқаптың қарауылшысы болыпты. Еңбек бейнетін ерте тартқан ақынның анасы Сапар бір өзі екі-үш адамға тең келетіндей кесек, аса еңбекқор, қайратты болған. Анасына ұқсаған Нұрлыбек ақын да ірі денелі, бұла күші буырқанған еңбекқор болып өседі. Ақын орта жүздің белді руы — Найман ішіндегі Кенжалы бұтағынан тарайды. Арғы атасы Еділбай Павлодар облысының Май ауданына қарасты Бозарал-Жалаңаш деген Ертіс бойындағы шағын қазақ ауылдарын мекендеген, мал өсіріп, айран ұрттап, қойын құрттаған еті тірі, өзі батыр адам болыпты.  Елін, жерін басқыншы жауға басындырмай бес қаруын сайлап ұстаған, өзіне серік Тайлақ деген інісі де болған. Осы Елдібайдың ел сыйлайтын Келді деген сүйікті ұлынан Сазанбай тарайды. Сазанбай да алты алашқа әйгілі батыр болған деседі. Сазанбайдан Самұрат, Баймұрат туады. Самұраттан Сыздық пен Әбен атты ұрпақ тараса, Баймұраттан Нұрлыбек туады.  Жоғарыда айтып өткеніміздей, бұл кісілердің ежелгі мекені, ұрпақ таратқан ата қонысы – Май ауданының Бозарал, Жалаңаш деген ауылдары. Нұрлыбек Баймұратовтың өмірі мен шығармашылығын зерттеуге сүбелі үлес қосқан нұрлыбектанушы, Қазақ ССР-нің ағарту ісінің үздігі, Бесқарағай ауданының Құрметті азаматы, зерттеуші-журналист Уәлихан Түкісов былай деп жазады: «Еділбай ұрпақтарынан Баймұраттан басқаларының немере-шөберелері күні бүгінге шейін Ертіс бойындағы Семьяр, Май, Бозарал-Жалаңашта тұрып жатыр. Мәселен, жоғарыдағы Самұраттың балаларынан тараған Омар, Әубәкір, Оспан дейтін ұрпақтары сол ата қоныстарында тұрып қалған. Омар да батыр, айтулы сайыскер, қамшыгер болыпты. Әбубәкірдің баласы Ұлы Отан соғысына қатысып, ерлікпен қаза тауыпты. Оның аты Ертай екен. Оспанның екі ер баласы болыпты. Үлкенінің аты Мұқан, кішісінің аты Бекен. Қазір Мұқанның ұлы Мұрат Павлодар қаласында тұрады. Бекеннің үш ұлы болған. Олар қазір Семьяр ауылында тұрады».

Бертін келе аумалы-төкпелі заман туған шақта Еділбай ұрпақтары күнкөріс ауқымымен әр жерге көшіп, кәсіп іздейді. Баймұрат ақынның Бесқарағай өңіріне, Балапан жонына келіп қоныстануына да осы жағдайлар себеп болған екен. Бұл туралы ақынның өзі былай дейді:

Баймұрат – әкем аты, елім – Найман,

Дауысым айғайласам шығар қайдан.

Ішінде қалың найман Кенжалысы, тараған біз бір ұрпақ Еділбайдан.

Туғанмын Балапанда – орыс жері,

Жасымнан ақын болып, болдым шері,

Баймұрат – әкем аты, шешем – Сапар.

Сүйегі қалмақылау арғы тегі.

Балапан орыс жері ел жайлаған,

Қу жетім кедейлікпен қол байлаған.

Он жасымда келгенімде өлең қонып,

Он бесте жиын топта айғайлағам.

Міне, өзі туралы осылай жырлаған қазақтың дарынды ұлдарының бірі – Нұрлыбекке өлең он бір жасында дарыпты. Ескіше де, жаңаша да сауатты болған ақын Абай, Әріп, Әсет шығармаларынан тәлім алған. Ауыз әдебиетінің үлгілерін жинап, халық арасында насихаттаумен шұғылданған. Иса, Нартай, Маясар Жапақов, Төлеу Көбдіков сынды ақындармен айтысқа түскен төкпе ақын «Ер Төлеген», «Қанды жорық» сынды дастандар да жазып қалдырған. Азамат соғысының оқиғаларын суреттеген «Қанды жорық» дастаны 1962 жылы жеке кітап болып жарық көрді. Ал ақынның баспасөзде жарияланған тұңғыш шығармасы- 1925 жылы Семейдегі «Таң» журналында жарық көрген «Қала сұлуы» атты поэмасы.

Әр ақынның есімін дүйім жұртқа паш ететін бір кезең болады. Нұрлыбек ақынның есімін елге танытқан сондай оқиғаның бірі 1922 жылы Семей қаласында өтеді. Бұл – ақынның әйгілі Иса Байзақовпен сөз таластыруы еді. Кейіннен Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов екі азулы ақын арасындағы осы жыр додасын жоғары бағалаған екен. Ақын өміріндегі осындай елеулі сәттер мен маңызды көріністер Асылбек Қожахметовтің әсерлі әңгімесіне арқау болды:

— Балалық, жастық шағы өзі айтқандай жетімдік пен жоқшылық құрсауында өтсе де, тағдырына мойымаған Нұрлыбек ақын домбыраны өзіне жан серік етіп, еліне еркелей жыр арнайды. Ақынның әкесі Баймұрат ен даладағы жалғыз үйде өмір бойы бай-көпестерге қарауыл болып өмір сүрді. Араласатын тірі жан болмағандықтан Баймұрат ақын дүниеге келгенде өзі кіндік әке болған. Тіпті, анасы Сапарға қалжа беру үшін біреуден ешкі сұрап әкелуге мәжбүр болады. Міне, Нұрлыбек ақын осындай қиыншылықта тірлік кешті. Жастайынан жалшы болып, қара жұмысқа жегілді, қар күреп, мая үйді. Сондай күндердің бірінде түсіне ақсақал еніп, «Сен ақын боласың», — дегенде орнынан ұшып тұрып, домбыраның орнына оқтауды алып, әндете бастаған дейді. Балам науқастанып қалды деп қорыққан әке ұлын қалаға дәрігерге апармақ болып, жолға шығады. Жолай Абайдың хатшысы болған ақын Ахметшәріп Молдажанов деген азамат кездесіп, баланың бойында булығып шыға алмай тұрған өнердің бар екенін бірден байқайды. Баланы бір айдай қасына ертіп, білгенін үйретеді, ақындық жолға баулиды. Ол алдымен Абайдың өлеңдері мен әндерін үйретіп, Абайды танып-білуге жол көрсете бастаған. Бұл жайт Ұлы ақынның 100 жылдық мерейтойына арнап шығарған «Абайға», «Бейіт басында» деген өлеңдерінде де айтылады. Алғашқы ұстазынан осындай тәлім алған Нұрлыбек 15 жасынан ақындыққа анық бет бұрған екен. Нұрлыбекті көзі көрген ақындардың айтуынша, ақын отырған жерінде Абайды аузынан тастамайтын көрінеді. Үнемі әңгіме қылып отырады екен. Бұл — жастайынан ұлы ақынның өсиет, жырларын бойына сіңіріп өскендігін көрсетсе керек. Нұрлыбектің арнайы білімі болмаған. Әліпті таяқ деп білмейтін молдалардың таяғын көріп, жас кезінде соны да өлеңге қосқан. Тағдырдың басқа салған осы бір ауыртпашылықтарынан құтылу үшін анасын ата-әкесінің туған жері Май ауданына қалдырып, өзі Павлодар облысында су жолында, пароходта жұмыс істейді. Ол кезде Бесқарағай ауданы Павлодар облысының құрамында болды. Жұмыс істей жүріп Сапарғали деген азаматпен танысады. Кейіннен екеуінің таныстықтары айырылмас достыққа ұласады. Сөйтіп жүріп, Балқия деген арумен отау құрады. Балқия он үш құрсақ көтергенімен, перзенттері шетінеп кете берген екен. Оның себебі, Балқияға ата-анасы ақ батасын бермеген көрінеді. Кейінен Қытайға барып ата-анасының ақ батасын алғаннан кейін ғана, екеуінің Мансұр атты жалғыз ұлы болған екен. Мансұр — Зейнолла Қабдолов сынды белгілі ғалымдармен бірге Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филология факультетін тамамдапты. Демек, Мансұр да әдебиеттен алыс болған жоқ деуге негіз бар.

Нұрлыбек Баймұратұлы 1922-1923 жылдары білімін көтеру үшін сол кездегі Қазақстанның орталығы — Орынбор  қаласына барады. Орынборда жүріп Мұхтар Әуезовпен танысқан. Мұхтар Әуезов Нұрлыбектен он жас кіші болса да, екеуі әзіл-қалжыңы жарасқан замандастар секілді болыпты. Ақынның шығармашылық өсуіне де Мұхтар Әуезовтің ықпалы аз болмаған. Бұл туралы ақынның өзі «Қамар сұлу» поэмасын жазуға Мұхтардың көп ықпалы тиді», — деп айтады. 1950 жылы Павлодар облысындағы  қонақ үйлердің бірінде демалып жатқанда Нұрлыбек ақын Мұхтардың келгенін естіп, іздеп барады. Барса, ине шаншар жер жоқ екен, иін тірескен халықты көреді. Сол кезде төрде отырған Мұхтар Әуезов Нұрлыбекті көрісімен халықтың арасымен жүріп отырып,  қарт досымен құшақтай амандасып, қасынан орын беріпті. Жиылған халық болса: «Кемеңгер жазушы құрақ ұшып сыйлайтындай, мына шал кім болды екен?», —  деп таңданған екен.

Нұрлыбек Баймұратұлы 1939 жылы ел көлемінде ұйымдастырылған үлкен айтыста жыр алыбы Жамбылдың батасын алады. Сол тұста өзі қарсылас шақ келтірмей, есімі дүркіреп тұрған Нұрлыбек ақынды Шашубай деген әйгілі қарт айтыскер додаға шақырған екен. Дереу орнынан көтеріліп, қарт ақыннан кешірім сұраған Нұрлыбек Баймұратұлының адамгершілік асыл қасиетіне дән риза болған Шашубай ақынды құшақтап тұрып, көзіне жас алған деседі. Міне, шашасына шаң жұқтырмаған Нұрлыбек Баймұратұлы тума талант болса да, адамгершілік өлшемінен асып кетпеген, қарсыласын сыйлай білген, сөзге тоқтай білген.

Нұрғали Тұңғатаров деген азамат 1950 жылы Семейде тұңғыш рет кең көлемде ақындар айтысын ұйымдастырғанда Нұрлыбек ақынға мынандай баға беріпті:

«Нұрлыбек ақын едің Екпінің мол,

Сөзден нөсер құюшы ең оң менен сол.

Қой бастаған серкедей басқарушы ең,

Топты жарып, толқытып, көрсетіп жол.

Ақындармен Нұрлыбек қарысатын,

Аяғы жеткен жерге барысатын.

Долданса тұлпар еді тоқтамайтын,

Күш бермей ауыздықпен қарысатын».

Осы өлең жолдары-ақ Нұрлыбектің өз заманында дауылпаз, дүлдүл, сөз тапқыш ақын болғанын дәлелдеп тұр. Кеңес үкіметі кезінде де айтысқа қатысып, халықты күнделікті жаңалықтардан, саяси оқиғалардан құлағдар етіп тұрған. Зайсанға Мұхтар Әуезов, Ғабиден Мұстафин, Кузнецов сияқты әдебиеттің тарландары  келгенде, солармен бірге Жармаға барып, «Шыңғыс сақинасы» деген өлең жазады. Бұл туындысы қазіргі «Семей таңы», сол кездегі «Екпінді» газетінің бетінде 1939 жылы жарық көреді.

«Нұрлыбек ақын Иса Байзақовпен сағаттап отырып үш рет айтысқан. Сонда Иса Байзақов домбырасын шекесінен асыра көтеріп, шертіп жыр төгіп отырып:

— Қарашы Қарағайдың еркесіне,

Исаның кетті шығып желкесіне.

Найманның қаңғып жүрген Нұрлыбегі

Арғынның кездесті ғой серкесіне, — деп толғаған екен.

Иса кезінде Нұрлыбекке «Мен саған құдаймын»,- деп мақтанса керек. Исаның ол кезде басы таз, киімі жүдеу екен. Нұрлыбек оның «Құдаймын» деген сөзін ұстап алып:

— Өз жерім, мұнда қаңғып келгенім жоқ,

Аз болса кеудемді бергенім жоқ.

Жаратушы — бір Құдай деуші еді,

Бөрік киген таз құдай көргенім жоқ. – деп жауап қайтарыпты. Тыңдаушылар қыран күлкіге батып, Иса бұған өткір жауап қайтара алмай отырып қалыпты»,-  деп халық ақыны Қалихан Алтынбаев жазады. Орнында бар оңалар демекші, артында іздеушісі, жоқтаушысы бірлі-жарым емес, қалың көпшілік, бүкіл бұқара халық болса, адамның мәңгі жасайтыны күмәнсіз. Айтыс дүлдүлі, төкпе ақын Нұрлыбек Баймұратовты бесқарағайлықтар еш ұмытпайды, — деп сөзін түйіндеді Асылбек Қожахметұлы.

Бесқарағай ауданының Құрметті азаматы, Қазақ ССР-нің оқу-ағарту ісінің үздігі, зерттеуші-журналист, нұрлыбектанушы — Уәлихан Түкісовке арналған кестелі сөзді шәкірті, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Семейдегі Мұқан Төлебаев атындағы музыкалық училищенің оқытушысы, режиссер  Болат Хамзин айтты.

— Абайды әлемге танытқан Мұхтар Әуезов болса, Нұрлыбек Баймұратовты күллі қазақ жұртшылығына танытқан Уәлихан Түкісов еді. Мен сонымен мақтанамын. Өмірінің соңына дейін Уәлихан ағаның қасында жүріп, тәлімін алдым. Уәлихан атамыз Нұрлыбек Баймұратовты ең бірінші рет тоғыз жасында көріпті. Ақынның таланты мен түр-тұлғасы, келбеті сол кезде-ақ жүрегінде сақталып қалған екен. Сол тоғыз жасында түскен шоқ өмірінің соңына дейін лаулап жанды. Екінші рет – жолда көріпті. «Семеновка деген елді мекеннен бір кісі түсіп қалды. Қасымдағылардан бұл кісі кім деп сұрап едім, Нұрлыбек Баймұратов деп жауап берді. Екінші және соңғы рет көруім – сол болды » дейтін Уәлихан атамыз.

Уәлихан Түкісов — Нұрлыбек Баймұратов шығармаларын насихаттап қана қойған жоқ, өмірінің түп тамырына дейін зерттеп, ер есімін халық санасында қайта жаңғыртуға сүбелі үлес қосты, айлап, жылдап сапар соңында жүрді. Ақынның 130 жылдық мерейтойына  екі жыл қалғанда басылым беттеріне мақала жариялап, торқалы тойдың жақындап қалғанын тізгін ұстар азаматтардың есіне салды. Амал не, бүгінгі тойды көре алмай өзі де дүниеден өтіп кетті. Арамызда болса тойдың көрігін қыздырып отыратыны сөзсіз еді. «Нұрлыбек – ақиық ақын» деген пьесамды жазу үшін, алдымен, ағадан рұқсат сұрадым. «Осы пьесаны Бесқарағай ауданының 80 жылдық тойына арнасам» деген ойымды білдіргенімде, «Нұрлыбектің менен басқа да іздеушісі бар екен ғой. Тек әсерлеме, тым асырып сілтеме», — деп ризашылығын білдіріп, ақ батасын беріп еді. Сол сөздерді басшылыққа ала отырып, кітапты да жарыққа шығардық. Кітап күллі Қазақстанға танымал болмаса да, Шығыс өңіріне, Семейге танылып жатыр. Ақынның «Қанды жорық» поэмасын да пьесаға айналдырып, әзірлеп  қойдым, — деді Болат Хамзин.

Осыдан соң Уәлихан Түкісовтің және ұзақ жылдар Нұрлыбек Баймұратов атындағы орта мектепте директор қызметін атқарған ұстаз Тоқтаған Кәкенұлының туған-туыстарына аудан әкімінің міндетін атқарушы  Ерболат Рахметтулин атынан сый-сияпат жасалып, ерен еңбегі мен қарымды қуаты үшін қос қайраткердің ұрпақтарына құрмет көрсетілді.

Ақын есімі республика жұртшылығына танылып, тасы өрге домалаған екінші кезең — 1939 жыл. Осы жылдың 21-27 маусым күндері Қазақстан жазушыларының Алматыда өткен 11-ші сьезінде делегат ақын суырып салма шумақтарымен ұлы жиынды құттықтап, сол сьезд үстінде СССР Жазушылар одағына мүшелікке қабылданады. Сол жылы оған «Қазақ ССР-ның енбек сіңірген өнер қайраткері» атағы да беріледі. Өлеңмен өмірін өрнектеген ақын өмірінде жазықсыз жала жабылып, тар қапасқа қамалған, азап тартқан күндері де аз болмаған. Айтыс дүлділі 1962 жылы 8 қарашада 82 жасында дүниеден озады. Ақынның бірінші жары Балқиядан Мансұр атты ұлы және Гүлжаһан атты немересі, екінші жары Ұрқиядан Асылбек, Нәсілбек, Гүлбағиша атты ұрпақтары қалған.

— Әр нәрсенің тамыры болатыны секілді, жаңа замандағы қазақтың түп-тамыры Абайда жатыр. Сондықтан Нұрлыбек Баймұратовты да ұлы ақыннан тәлім алған Абайдың шәкірті деуіміз керек. Ақынның әділдік пен ақиқатты жырлауы, халықты білім мен өнерге шақыруы – соның бір дәлелі. Нұрлыбек ақынның өз заманында арқалы ақын болғанын тарихтың өзі көрсетіп келеді. Ол тек өзінен мүшел жас үлкен Иса Байзақовтан ғана жеңілген екен. Ол заманда теледидар, радио сынды байланыс құралдары болмады, халық тек айтысты тыңдады, қоғамдағы күллі жетістік пен кемшілікті сол арқылы білді. 1930-1950 жылдар арасындағы 20 жыл бойы айтыс қазақ даласындағы негізгі өнер түріне айналды. Әбден кедейленіп, шаршаған халықтың рухын көтеретін бірден-бір рухани қозғаушы күш — айтыс болды. Айтыс қазақ пен қырғызға ғана дарыған — асыл өнер.  Сол себепті, осы айтыс өнерінің биігінде тұрған Нұрлыбек атамызды өз заманының ақыны болды деуге әбден негіз бар. 1949 жылы халық көліктің не екенін білмеген заманда, Алматыдан «Победа» көлігін қанжығасына байлап келді. Бірақ Нұрлыбек Баймұратов тағдырдың еркесі болды деп айтуға келмейді. Ол тағдырдың тауқыметін, ашаршылықты, халықтың қиыншылығын, кедейлікті көп көрген адам. Алғашында Ораз Исаевтің көмегімен темір тордан құтылғанымен, 1950 жылдары ілмекке ілініп, түрмеге тоғытылды. Бостандыққа шыққаннан кейін бұрынғы қарқынынан айырылды. Сол тұста айтыс ақындары негізінен социализмді, Ленин мен Сталинді жырлаған еді. Естеріңізде болса, 1950 жылға дейінгі социализм тарихта «Сталиндік социализм» деп аталды. Бұл жылдар халықтың басына қара бұлт үйірілген сондай бір қиын уақыт болғанын барлығыңыз білесіздер. Нағыз социализм орнаған жылдар 1950 жылдардан кейін ғана басталды.

«Жас алпыстан асқан соң

Өлімге аяқ басқан соң,

Тіршіліктен оянып,

Көзіңді ала қашқан соң,

— деп Шәкәрім атамыз айтқандай, Нұрлыбек атамыз да жасы 60-тан асып, 70-ті алқымдаған тұста тіршіліктен оянғандай болды. Социализмнің жағымсыз тұстарын танып-біліп, ақындық ортадан алыстай бастады. Иса Байзақов Алматыға шақырғанда, одан да бас тартты. Бір жағынан сол тұста халық ақындарының төрағасы ретінде Нұрлыбек Баймұратовтан күнде жауап алынып отырды. Алашордашы ретінде қуғындауда жүрді. Өмірдің ащы-тұщысын көп көрген әке ұлына арнап «Мансұрға» деген өсиет өлең жазып қалдырды. Осы өсиетінде жастарға ақылын, өнегесін айтты. Он шақты шумақта қарым-қатынас өнегесі тұнып тұр. Бұл жай айтыс ақынының сөзі емес, ақынның кемеліне келіп, даналыққа аяқ басқан тұсында айтқан жан сөзі. Кеңес үкіметі кезінде халық ішінен шығып, халықтың рухын көтеретін, мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын ақындарға «Халық ақыны» деген атақ берілді. Нұрлыбек Баймұратов сол атаққа лайық жан болды. Өмірінің соңына дейін туған топырағынан алыстамай, қалың қарағайдың ішінде өмірін өткізді, — деп сөзін түйіндеді абайтанушы Асан Омаров.

Алқалы жиынның нүктесін қояр келелі сөздерді аудан әкімінің міндетін атқарушы Ерболат Рахметуллин айтып, лебізін көпшілікке арнады.

— Нұрлыбек Баймұратовтың ұлы мерекесіне жиналған қауым, ардақты ағайын! Бүгін Бесқарағай ауданы үшін үлкен торқалы той. Осы жерде кіндік қаны тамып, осы жерден өрбіген халқымыздың біртуар азаматының, халық ақыны Нұрлыбек Баймұратовтың туғанына биыл 130 жыл толып отыр. 1 қаңтардан бастап аудан тұрғындары осы торқалы тойға арналған ауқымды шараларды «2017 жыл — Нұрлыбектану» жылы деген айдармен өткізіп келеді. Солардың ішіндегі ең салмақтысы қыркүйек айына келіп тоқтады. Кеше де жер-жерден келген ақындарымыз өрелі ойларын ортаға салып, Бесқарағайды Бурабайға теңеді, ауданда зиялы қауым мен биязы халық тұратынын тілге тиек етті. Қай кезде де сүйектен өтетін өткір сөздер тек ақындардың тілімен айтылған. Одан қорытынды шығару – біздің міндетіміз.

Нұрлыбек ақынның 1922 жылы Иса Байзақовпен айтысуы – қазақ тарихында қалған айтулы оқиғалардың бірі. Шындығын айту керек, жастығына қарамай Нұрлыбек ақын Исамен айтысуға бел байлап, белді ақынды сөзден тайдырған. Оның өзге ақындармен айтыстары – өз алдына бір әңгіме. Ал ақынның есімі ел есінен ұмытылып, тіпті 90-100 жылдық мерекелі күндері атаусыз қалған кезде Ново-Николаевка орта мектебінің директоры, марқұм Тоқтаған Кәкенов пен Уәлихан Түкісовтың бастауымен 1997 жылы ақынның 110 жылдығы жоғары деңгейде атап өтілді. Осы жылы ақынның есімімен орта мектеп аталды. Бұл — да бір тарих, зор еңбек. Уақыт деген ағып жатқан сумен тең. Енді міне, 130 жылдық торқалы тойына да аман-есен жетіп отырмыз.

Дауылға тиген өрттей өр мінезді Нұрлыбек Баймұратов қатал тағдырмен талай рет бетпе-бет келіп, қарсыласа, қасарыса өмір сүрді. Жазықсыз жазамен Колымаға жер аударылса да, өзіне біткен суырып салма талантымен өз заманының жырлаушысы бола білді. Оның есімі қазақ айтыскерлері арасында ұмытылмақ емес, — деді Ерболат Еренұлы.

Осыдан соң Нұрлыбек Баймұратов атындағы орта мектепте ескерткіш – мүсін ашылып, ақынның шығармалары мен өмір деректері, публицистикалық мақалалар жарық көрген «Нұрлыбек Баймұратов» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Келген қонақтарға 1992 жылы Қарағайлы ауылында ашылған ақын мұражайы таныстырылды.

Торқалы тойдың жалғасы түстен кейін да толастаған жоқ. Ақынын әспеттеген халық кең даланы әсем әнмен көмкеріп, киіз үйлер жарысын ұйымдастырды. Шашасына шаң жұқпас тұлпарлар аламан бәйгеде бақ сынаса, тағы бір тұста жауырыны жерге тимеген балуандар анықталды. Ауылдың алты ауызы да айтылып, құлақ бұрауы келтірілген күйлер орындалды, ақынның жауһар жырлары оқырманымен табысты. Осылайша дауылпаз ақынның есімі халқымен қайта қауышып, шоқтығы тағы бір биіктей түсті.

3 шақырымдық тай жарысында Әбдінұр Әмірғалиев, Темірлан Оралбаев, Әділет Алтынбаевтың тайлары жүлделі орындарды бөліске салды. 3,2 шақырымды қамтитын «Ұшқыр» жарысында Салия Белый атты азаматтың «Хорьковский» тұлпары топ жарса, Тілеуғали Епош атты азаматтың «Бөртесі» екінші, Әділет Алтынбековтің «Сұңқары» үшінші болып көмбеге жетті. 15 шақырымдық «Топ» жарысында Ілияс Қапанов,  Тілеуғали Епош, Рахат Есенгелдиновтердің тұлпарлары жүлделі болды. Ал ел құлағын елеңдеткен 25 шақырымды қамтитын аламан бәйгеде Сұлтан Хабдуллаев атты азаматтың тұлпары алдына қара салмады. Ұлан Нұрымжанов, Төлеуғали Еркебұлан сынды азаматтардың бәйге аттары да осы сайыстан олжалы қайтты.

Жырдың туын тіккен жан-жақты талант иесі – Нұрлыбек Баймұратовтың мерейтойын Бесқарағай жұрты осылайша өз деңгейінде атап өтті. Елдігіміз бен бірлігімізді көрсететін осы бір айтулы шара ел есінде қалатыны анық. Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» деген болатын. Өткенімізді тірілтіп, өшкенімізді жаңғыртуға баса көңіл бөліп жатқан осы бір  шақта, Нұрлыбек Баймұратовтай жауһар жыр иелерінің есімдері халық санасынан көмескіленбек емес.

Жадыра ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,

«Семей таңы»

Связанные новости

МОЛОДЫЕ СОЛДАТЫ ПРИНЯЛИ УЧАСТИЕ В ПЕРВОЙ ОГНЕВОЙ ТРЕНИРОВКЕ

22.05.2025
МОЛОДЫЕ СОЛДАТЫ ПРИНЯЛИ УЧАСТИЕ В ПЕРВОЙ ОГНЕВОЙ ТРЕНИРОВКЕ

Новобранцы механизированной бригады регионального командования «Восток» впервые выполнили практические стрельбы. Занятия по практической огневой подготовке проводились в стрелковом тире. Перед...

Читать далее ...

Уважаемые жители и гости района Жаңасемей!

22.05.2025
Уважаемые жители и гости района Жаңасемей!

22 мая 2025 года в поселке Шульбинск пройдут антитеррористические учения. В ходе учения будут отработаны вопросы оперативного реагирования на различные...

Читать далее ...

«Келешек мектептері»: более 200 тысяч сельских детей получат доступ к современной образовательной среде

21.05.2025
«Келешек мектептері»: более 200 тысяч сельских детей получат доступ к современной образовательной среде

  По инициативе Главы государства в стране реализуется Национальный проект «Комфортная школа», в рамках которого планируется построить 217 школ нового формата...

Читать далее ...

21 мая в городе Семей в районе аэропорта будет проведено антитеррористическое учение

21.05.2025
21 мая в городе Семей в районе аэропорта будет проведено антитеррористическое учение

В ходе учения будут отработаны вопросы оперативного реагирования на различные сценарии развития обстановки на объектах, уязвимых в террористическом отношении. В...

Читать далее ...

Стартует очередной четвертый отбор в президентский Молодежный кадровый резерв

20.05.2025
Стартует очередной четвертый отбор в президентский Молодежный кадровый резерв

В этом году планируется проведение очередного четвертого отбора в Президентский Молодежный кадровый резерв. Главная особенность отбора заключается в том, что...

Читать далее ...

В Семее открылся новый производственный цех

20.05.2025
В Семее открылся новый производственный цех

Состоялось торжественное открытие нового производственного цеха компании «Самса.kz», которая специализируется на изготовлении продуктов питания и поставке готовой продукции. Проект получил...

Читать далее ...

Новости

МОЛОДЫЕ СОЛДАТЫ ПРИНЯЛИ УЧАСТИЕ В ПЕРВОЙ ОГНЕВОЙ ТРЕНИРОВКЕ

3 дня назад

Уважаемые жители и гости района Жаңасемей!

3 дня назад

«Келешек мектептері»: более 200 тысяч сельских детей получат доступ к современной образовательной среде

4 дня назад

21 мая в городе Семей в районе аэропорта будет проведено антитеррористическое учение

4 дня назад

Стартует очередной четвертый отбор в президентский Молодежный кадровый резерв

5 дней назад

В Семее открылся новый производственный цех

5 дней назад

Безопасность границы — наша общая обязанность

6 дней назад

В области Абай капитально отремонтируют 75 школ

1 неделя назад

«Дом инвесторов» откроется в Семее

1 неделя назад

Аким области представил план развития региона

1 неделя назад
Читать далее ...

Директор:
Риза Асанқызы Молдашева

Редактор:

Шынар Рысакова

Корреспонденты:

Акерке Турсунова

Рената Тахирова

 

Адрес редакции:

F18A5H3, г. Семей, улица К. Мухамедханова, 12.

Контакты:

Приемная директора — 523657;  редактор — 520734;  отдел рекламы и подписки — 560803; факс — 520475.

 

 

e-mail:
info@semeytany.kz


Свидетельство о перерегистрации на учет Министерством культуры и информации Республики Казахстан №13658-Г, 31.05.2013г.


Яндекс.Метрика

© ТОО«Газеты Семей таңы  – Вести Семей»

результаты не найдены
Посмотреть все результаты
  • Новости
    • Политика
    • Культура
    • Общество
    • Преступление
    • Спорт
    • Образование
    • Здравоохранение
  • Главное
  • Авторский блог

© «Семей таңы газеттері – Вести Семей» ЖШС